Туған жерді көркейту

Рубрика: Адамдар және табиғат
Выпуск №15, весна 2019

Экология мәселесі барша жұртты алаңдатып отырған шақта табиғатты аялай білетін, адамгершілігі мол, ізгілікті, экологиялық білімі мен мәдениеті жоғары тұлға тәрбиелеу - ұстаздық парызым деп санаймын. Туған жеріміздің баға жетпес қазынасын ысырап етпей, еселеп арттыра беру жолында талмай, жалықпай еңбек ету – барлық үлкен-кішінің абыройлы борышы, мүлтіксіз атқаратын міндеті деп білемін.


Біз тұратын аймақта жел көп соғады, сол себепті топырақтың тозуы сияқты проблема туындап отыр. Оның шешімі - көгалдандыру, қоршаған ортаны таза ұстау, сенбілікке шығу.


Біздің ауыл ҚБСА-ның «Алты Сай» экосаябағына жақын жерде орналасқан. Бұл жер саналуан флорамен толықтырылып отырса, жоғарыда аталған мәселелер аздап болса да азаяр еді. Осы мақсатта мамыр айының басында 1-4 сыныптар арасында «Табиғат жанашыры» атты апталығы өтті. ҚБСА қызметкерлері Алексей Тимошенко мен Радик Салемгареев шарамызға қолдау көрсетіп,  бізге бес қарағай және екі қарағаш ағашының түптерін жеткізіп берді. Ағаштарды «Ақбөкен достары» клубының 15 мүшесі бірігіп отырғызды. Алдағы уақытта балалар ағаштарды суарып, күтіп-баптауға тікелей қатысатындарына сенім білдірді.


Қарағай ағаштары бір жылда 35 тонна шаңды сіңіреді екен. Сондықтан осындай үрдісті жалғатырып отырсақ, мекеніміздегі шаң басу мәселесін азайта алтынымызда күмәнім жоқ.  

Экологиялық мәселенің тағы бір шешімі – қоршаған ортаны таза ұстау. Бұл мақсатта біз оқушылармен бірге апта сайын сенбілікке шығып тұрамыз. Ағаштарды отырып болған соң, аулымыздағы Жыланшық өзенінің жағалауын тазартуға  бардық.  


Аталған іс-шара балалардың экологиялық тәрбиесіне әсер етіп, қоршаған ортаны аялауды үйретеді. Балалардың жасаған ісі біршама ауыл тұрғындарына да оң әсер етіп, ауыл жастарының дұрыс бағытта өсіп келе жатқанын тағы да дәлелдегендей. Алаңымыздағы жаңа жеті ағаш орман болмайтын шығар, алайда талай балаға болашақта ыстық күннен қалқан болатыны рас.


МОЛДАХМЕТ КҮЛПАШ ЖЕҢІСҚЫЗЫ,

Қостанай облысы, Жангелдин ауданы,
А.Байтұрсынұлы ауылы, А.Байтұрсынов атындағы орта мектебі,
«Ақбөкен достары» клубының жетекшісі.

Похожие статьи

Оставить мнение

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив